Саясат
ОСК қаулы қабылдады
«2019 жылғы 27 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54 және 55-бабына сәйкес Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылуына байланысты ҚР Орталық сайлау комиссиясына тапсырды. Атап айтқанда, «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұлттық патриоттық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Әміржан Қосановты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме; ҚР Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат; оның өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттың, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері, мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, оның ҚР Президенттігіне кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтініш түсті», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов.
Оның айтуынша, 29 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясында Әміржан Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болып өтті. Лингвистикалық емтихан барлық белгіленген кезеңдер бойынша өткізілді. Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Ә.Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы Әміржан Қосанов Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде тумысынан Республика азаматы болып табылатындығын, жоғары білімі бар екенін, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің мәліметтері негізінде сот заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы жоқтығын, сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартпағанын, белсенді сайлау құқығына ие екендігін, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері негізінде мемлекеттік қызметте, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар екендігін анықтады.