Bugin
Фото: Yonhap news
Оңтүстік Кореяда апатқа ұшыраған ұшақтың "қара жәшіктерінде" қайғылы жайтқа дейінгі соңғы төрт минуттың жазбасы жоқ болып шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында апатқа ұшыраған Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағының "қара жәшіктерінен" алғашқы мәліметтер белгілі болды. Алайда, ұшақтың құлауына дейінгі соңғы төрт минутқа қатысты жазбалардың болмауы тергеуді қиындатып отыр.
Көліктегі қауіпсіздік ұлттық кеңесінің B737-800 ұшағындағы "қара жәшіктерге" жүргізген талдауы құрылғылардағы жазу апатқа дейін шамамен 4 минут бұрын тоқтап қалғанын көрсеткен. Бірақ "қара жәшіктердегі" деректер жалғыз ақпарат көзі емес екені айтылып отыр. "Қара жәшіктерден" бөлек, әуе қозғалысын басқару жазбалары, апат кезіндегі бейнежазбалар және апат орнынан алынған ұшақ қалдықтары зерттеліп жатыр.
“АҚШ-та жүргізілген талдау нәтижесінде “қара жәшіктердегі” деректердің ұшақ апатынан шамамен төрт минут бұрын жазылуы тоқтағаны анықталды. Бұл жағдай тергеушілерге апаттың нақты себебін анықтауды қиындатып отыр”, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда Jeju Air 7C2216 рейсі апатқа ұшырады. Апат салдарынан 179 адам қаза тапқан.