Экономика
Жаңа тұрғын үй бағдарламасы
Қазақстанда мемлекеттен баспананы кімдер тегін алады?
"Қоғамдық кеңесте мамырдың соңында іске қосылатын жаңа бағдарламаны талқыға саламыз. Ол көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Оған кем дегенде 4 баласы бар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған азаматтар, толық емес отбасылар, жалғызбасты аналар қатыса алады", - деді Ләззат Ибрагимова Қазақстанның тұңғыш президентінің 5 әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің кулуарында.
Оның айтуынша, бұл бағдарлама бойынша пәтерді 19 жылға 2% ипотекаға алуға болады.
"Табыс орташа болу керек. Мысалы, 12 миллион теңге көлеміндегі зайымды алу үшін отбасының барлық мүшесіне шаққандағы табыстың мөлшері 88 450 мың теңге болуы шарт. Нәтижесінде алғашқы 8 жылда олар ай сайын 60 мың теңге, кейінгі 11 жылда 44 мың теңге төлейді", - деді басқарма төрайымы.
Сонымен қатар Ләззат Ибрагимова бұл бағдарлама аясында жаңа және бұрын пайдалануға берілген баспананы сатып алуға мүмкіндік берілетінін атап өтті.
"Бағдарлама бойынша пәтердің бағасы Астана, Алматы қалаларында 15 миллион теңге, облыс орталықтарында 10 миллион теңгені құрайды. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар осы бағдарламаны күтіп отыр. Себебі, бағдарламаның жылдық проценттік ставкасы төмен. Ол 2% құрайды", - деді ол.
Басқарма төрайымы биыл бұл бағдарламаға мемлекеттен 50 миллиард теңге бөлінетінін атап өтті.
"Осылайша, біз 6 мың отбасыны баспанамен қамтамасыз ету міндетін аламыз. Олар жалға берілетін үйден өз пәтеріне көшуге мүмкіндік алады", - деді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар ол көпбалалы отбасылар бұл бағдарламаға әкімдіктер берген тұрғын үй сертификаттары бойынша қатыса алатынын жеткізді.
"Астана, Алматы, Шымкент қалалалы мен облыс орталықтарының әкімдіктері тұрғын-үй сертификатын беруге ниет танытты. Бұл әлеуметтік көмек болып саналады. Осылайша, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспаналы болуға мүмкіндік алады. 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаттары пәтер алуға кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы 10% дейін төмендетілген. Мысалы, 12 миллион теңгенің пәтерін алу үшін 1 миллион 200 мың теңге жарна салса жеткілікті ", - деді басқарма төрағасы.
Сөз соңында Ләззат Ибрагимова бағдарламаға қатысқысы келген отбасылар әкімдікке барып, "көпбалалы отбасы", "мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отыр" немесе "толық емес отбасы" категориясы бойынша пәтер алу кезегінде тұр деген қағаз алуы керектігін атап өтті.