САЯСАТ
Фото: Kim Hong-Ji/Reuters
Оңтүстік Кореяда апатқа ұшыраған Jeju Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ қозғалтқышынан құс қауырсындары табылды, деп хабарлайды Bugın.kz порталы.
MBN телеарнасы таратқан мәліметке сәйкес, ұшақтың екі қанат асты қозғалтқышынан құс қауырсындары анықталған. Бұл деректер ұшаққа құстар соғылды деген болжамды айтарлықтай растайды.
Апат себебін зерттеп жатқан комитет қауырсындар мен қан дақтарын қоса алғанда 17 үлгіні сараптамаға жіберіп, биологиялық институттан талдау жүргізуді сұрады.
Сондай-ақ Оңтүстік Корея полициясы Jeju Air компаниясының кеңсесінде тексеру жұмыстарын жүргізгені белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Кореядағы Муан қаласының әуежайына қонған кезде апатқа ұшыраған ұшақ құстармен соқтығысқаны туралы болжам жарияланған еді.
Видеоны мына сілтемеден көре аласыз.
Yonhap агенттігі апаттың негізгі себебі — құстар болуы мүмкін екенін айтқан.
"Билік: Муанда ұшақ апатқа ұшыраған кезде құспен соқтығысу шассидің істен шығуына себеп болуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты 29 желтоқсан күні таңғы сағат 9:07-де (Астана уақыты бойынша 5:07-де) болды. Бортта 175 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған. Олар Бангкоктен оралған.
Апат салдарынан ұшақ айтарлықтай зақымданып, өрт шықты. Кейін төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіріп, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Жолаушылар арасында Оңтүстік Кореяның 173 азаматы және Таиландтың 2 азаматы болғаны анықталды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес лайнер қону кезінде құстармен соқтығысқан. Сондай-ақ құтқарылған екі адамнан басқалары қаза тапты.