ҚОҒАМ

Ұшақта адамды өлімнен арашалап қалған студент резидентурада тегін оқитын болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұшақта жолаушының өмірін құтқарып қалған студент Дінмұхаммед Бектұрғанның ата-анасымен жүздесіп, олардың ұлына берген тәрбиесі үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Bugın.kz порталы.

Дінмұхаммед ұшақта жағдайы күрт нашарлаған жолаушыға шұғыл көмек көрсеткен. Оның батылдығы жолаушының өмірін сақтап қалуға себеп болды. Жас дәрігер Астана медицина университетінің жетінші курсында оқиды және алдағы уақытта үш жылдық резидентураны тәмамдауды көздеп отыр. Облыс әкімі өз сөзінде студенттің оқу ақысын өтеу үшін қаржылай қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, 10 қаңтарда "Қызылорда-Астана" бағытындағы рейс кезінде жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Сол сәтте ұшақта болған Дінмұхаммед жедел көмек көрсетіп, жолаушыға реанимациялық шаралар жасаған. Оның әрекеті жолаушының өмірін сақтап қалды.

Көрсеткен ерлігі үшін болашақ дәрігер Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы құрмет грамотасымен марапатталды.

"Ұшақ бортында, жолаушылардың бірі шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған кезде Дінмұхаммед абдырап қалмады. Ол жылдам және сауатты іс-қимылының арқасында адам өмірін сақтап қалды", - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі жазбасында.