САЯСАТ
Фото: kapital.kz
Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Полиция департаменті азаматтардың ұжымдық шағымдары негізінде қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Тергеу барысында 2022-2023 жылдары бір компанияның басшылары үлескерлердің қаражатын тарту құқығы мен қажетті рұқсат құжаттарынсыз тұрғын үй кешендерін салуға кірісіп, пәтерлерді сату сылтауымен азаматтарды алдағаны анықталды. Нәтижесінде 312 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы шығын көлемі 2,5 миллиард теңгеден асқан.
Прокуратура мәліметіне сәйкес, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрт басшысы ұсталып, қазіргі таңда қамауға алынған. Тергеу аясында жәбірленушілердің құқықтарын қорғау шаралары қамтамасыз етіліп, іс сот қарауына жіберілді.
Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарға құрылыс компанияларымен келісім жасамас бұрын олардың құжаттарын мұқият тексеріп, тек ресми құжаттар негізінде ғана инвестиция салу қажеттігін ескертеді.