САЯСАТ
Фото: AP
АҚШ президенті Дональд Трамп ауыр қылмыс жасағандарды әділ жазаға тарту үшін өлім жазасын қайта енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
“Өлім жазасы – ең ауыр қылмыс жасағандар үшін әділ жаза. Сонымен бірге мұндай зұлымдықтың қайталануына тосқауыл болатын маңызды құрал. Бұл жаза ел тарихында әділеттіктің белгісі ретінде қолданылып келді. Алайда соңғы жылдары кейбір саясаткерлер мен судьялар заңды елемей, өлім жазасының орындалуына кедергі жасап жүр”, – деді ол.
Осы тұста, Трамп алдыңғы әкімшіліктің әрекетін де сынға алды. Оның сөзінше, Джо Байден федералды өлім жазасына кесілген 40 адамның 37-сінің жазасын жеңілдетіп, ауыр қылмыс құрбандары мен олардың отбасыларының мүддесін елемеген.
“Бұл заңға және әділдікке жасалған үлкен қиянат”, — деп толықтырды ол.
Жарлыққа сәйкес, Әділет министрлігіне ауыр қылмыс жасағандарға өлім жазасын күшейту тапсырылған.
“Әсіресе, құқық қорғау органдарының қызметкерін өлтірген немесе елге заңсыз кірген шетелдіктер тарапынан жасалған қылмыстар бойынша да өлім жазасын шұғыл талап ету қарастырылады”, — делінген жарлық мәтінінде.
Сонымен қатар өлім жазасына қажет құралдардың да жеткілікті қорын қамтамасыз ету міндеті де қойылды.
“Біз қоғамға қауіп төндіретін қылмыскерлерге лайық жаза тағайындап, халықтың қауіпсіздігін сақтауға бар күшімізді саламыз. Мемлекеттің ең басты міндеті – өз азаматтарын қорғау”, – деді Трамп.
Бұдан бөлек, жарлықта өлім жазасын шектеуге бағытталған Жоғарғы соттың кейбір шешімдерін қайта қарау қажеттігі айтылған. Әділет министрлігі штаттарға бұл жазаны жүзеге асыруда қажетті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Президенттің аталған шешімі ел ішінде қызу пікірталас туғызды. Құқық қорғау ұйымдары мұндай қадамның салдарын мұқият зерттеп, бақылауға алатынын мәлімдеді.