САЯСАТ
Фото: El.kz/Марина РУЗМАТОВА/ChatGPT
Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу үшін мердігерді таңдау туралы алдын ала шешім 2025 жылдың мамыр-маусым айларында қабылданады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Қазіргі уақытта біз әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Биыл, бірінші жартыжылдықта, мамыр-маусым айларында, кіммен жұмыс істейтініміз туралы алдын ала мәлімет белгілі болады," – деді вице-министр.
Қазіргі таңда Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылының маңында қуаты 2–2,8 ГВт болатын атом электр станциясын салу жобасы қарастырылуда.
Министрліктің мәліметінше, ядролық технологияны жеткізушілермен келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жобаны талдау және таңдау үдерісін жүзеге асыру үшін арнайы үкіметаралық комиссия құрылған.
Энергетика министрлігі хабарлағандай, жаңартылатын энергия көздері мен газ генерациясын енгізу арқылы электр энергиясын тұтынудағы көмір генерациясының үлесін азайту жоспарланып отыр. Осы шаралардың нәтижесінде 2035 жылға қарай атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін жылына 44 млн тоннаға төмендету көзделген.
Қазіргі уақытта еліміздегі энергия жүйелері тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымы да жоспарға сай өтіп жатыр. Министрліктің мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан жобалар қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген.
Айта кетсек, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ал референдум 6 қазанда өтті. Дауыс берген қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады.
Қазақстанның ықтимал технология жеткізушілері қатарында "Росатом" (Ресей), CNNC (Қытай), KHNP (Корея) және EDF (Франция) компаниялары бар. Сонымен қатар, мемлекет халықаралық консорциум құру мәселесін қарастырып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ұзақмерзімді инвестиция болады.
"Біз әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі саналамыз, сондықтан бұл жоба еліміздің стратегиялық басымдығының бір бөлігі болып табылады," – деп атап өтті Президент.