ДАМУ

Бастапқы жарнасы төмен: техникалық мамандарға арналған ипотекалық бағдарламаға өзгеріс енгізілмек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Midjourney

Елімізде 17 наурыздан бастап іске қосылатын "Наурыз жұмыскер" ипотекалық бағдарламасының талаптарына өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды Bugın.kz порталы.

Бұл өзгерістер техникалық мамандық иелерін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтың айтуынша, негізгі өзгерістер бастапқы жарна мен несие мерзіміне қатысты болмақ.

Жүнісбековтың сөзінше, жаңа бағдарлама "Наурыз" ипотекалық бағдарламасымен ұқсас, бірақ белгілі бір ерекшеліктері бар.

"Бұл бағдарлама елімізде аса қажет техникалық мамандық иелеріне арналған. Сондықтан талаптар неғұрлым жеңілдетілген және тиімді болуы көзделіп отыр. Бағдарламаның негізгі артықшылығы – бастапқы жарна көлемі мен несие мерзімін қайта қарау. Қазіргі уақытта бастапқы жарнаны азайту мәселесі талқылануда. Оның мөлшері тұрғындардың қандай пәтер таңдайтынына байланысты өзгеруі мүмкін: қарапайым әрленбеген үй ме, әлде дайын әрленген пәтер ме, осыған қарай анықталады. Жаңа талаптар бекітілген соң қосымша ақпарат беріледі," – деді Жүнісбеков.

Айта кетсек, "Наурыз жұмыскер" бағдарламасы аясында техникалық және жұмысшы мамандық иелеріне 72 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, 2 440 несие беру жоспарланып отыр.