Bugin
Фото: ашық дереккөзден
Астанада сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот процесі болып жатыр. Бүгін, 24 қаңтарда прокурор 22 жастағы Дамир Досовты 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Мемлекеттік айыптаушы офицердің “тапанша ішінде оқ барын білмедім” деген жауабын негізсіз деп тапты.
“Досовтың қылмысты білмей жасағаны туралы жауабына сыни тұрғыдан қарауды сұраймын, себебі ол қаруды қалай қолдану керегін білуге тиіс. Куәгерлер де Досовқа тапаншаны берген кезде нұсқаулық жүргізілгенін айтты”, - деді прокурор.
Амангүл Жұмағалиева Досовты қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, командир әскери институтта оқыған, сондықтан қаруды адамға кеземеу керегін біліп, тапаншадан атуды үйренген. Тапаншада оқ болғанын білмегенін айтқан Досовтың сөзін майор Бағдат Майлиев пен өзге де куәгерлер жоққа шығарды.
19 жастағы Марат Барқұлов былтыр қыркүйекте Маңғыстау облысындағы “Оймаша” полигонында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза болған.