ДЕНСАУЛЫҚ

Аймағамбетов МӘМС жүйесін сынға алды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазіргі медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін сынға алды, деп хабарлайды Bugın.kz порталы. 

Депутат МӘМС жүйесін түбі тесік қайықпен салыстырды.

"Қайықтың түбі тесілгенін елестетіңіз. Су тоқтаусыз жинала береді, ал қайықшы тек шелекпен суды төгіп жүр. Бұл жағдай ешқандай өзгеріс әкелмейді. Қайық бата береді, ал жүйе сол күйінде қала береді", – деп атап өтті. Аймағамбетовтың пікірінше, МӘМС жүйесіндегі проблемаларды шешудің орнына тек салдарымен күрес жүргізілуде.

Депутаттың айтуынша, қазіргі модель медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына себеп болуда. Ол бірнеше мысал келтіріп өтті:

"МӘМС бойынша бес айлық балаға тісін емдеген. Бірақ бес айлық балада тіс шықпаған. Тағы бір мысалда, бір адамға 82 тіс емделген деп көрсетілген есеп берілген. Ал тағы бір аурухана бір күнде бір адамға 32 қызмет көрсеткен деп есеп берген. Мұндай жағдайлар көп кездеседі", – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, жүйенің қаржыландыруы артық қызмет көрсету мен қосымша жазуларға әкеліп соқтырады. Қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді, бұл жүйедегі нормативтердің болмауына және цифрландырудың жоқтығына байланысты.