Bugin

Ербаян Мұхтар елге оралды: Сарбаздың қазіргі жағдайы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Коллаж: Bugin.kz

Түркияда ем қабылдап жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

2023 жылдың соңында ауыр ми жарақатынан кейін комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтар елге оралды.

Ол Түркияда емделудің бірінші кезеңін аяқтап, Астанаға келді. Бұл туралы құқық қорғаушы Инга Иманбай мәлімдеді. 

"Ербаян екі-үш ай үйінде болады. Басына жасалған отадан кейін толық сауықтыруды бастау үшін оның денесіне біраз уақыт демалу керек. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып барып, оңалтудың екінші кезеңін бастайды. Астанада Ербаян нейрохирург, профессор Гөкхан Акдемирдің бақылауында болады", – деді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, жақын арада Ербаянның ата-анасы емделудің бірінші кезеңіне кеткен шығынды есептеп, толық ақпарат ұсынады.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүріп, 2023 жылдың желтоқсанында ауыр ми жарақатын алды. Салдарынан сарбаз комаға түсті. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлағанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды. Қазақстандықтар Ербаянның емі үшін 230 млн теңге жинап берді. Қыркүйектің соңында сарбаз Түркияға ем алуға кеткен болатын.