ҚОҒАМ

Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық жасөспірім қыз ана атанады — сенат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото:  vesti-yamal.ru

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткіші төрт жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша, 2023 жылы 5094 жасөспірім қыз босанып, бұл жалпы туу көрсеткішінің 1,3%-ын құраған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

“Пандемия кезінде жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші күрт артты. Өкінішке қарай, бұл үрдіс соңғы төрт жылдан бері өзгеріссіз қалып келеді. Өткен жылы 5094 жасөспірім босанған. Бұл жалпы туу көрсеткішінің 1,3%-ын құрайды”, – деді сенатор. 

Сенатордың мәліметінше, бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде өзекті. 

“Қаламен салыстырғанда, ауылдық аймақтарда жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші екі есе жоғары”, — деп қосты ол. 

Сонымен қатар жасөспірім қыздарға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары да көбейген. Бұл жағдай ерте жүктіліктің артуына ықпал етіп отырғанымен, мұндай мәселелер қоғамда жиі ашық талқыланбайды.

Сенатордың пікірінше, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы алдағы 10-15 жылдағы елдегі демографиялық ахуалға әсер етеді. Осыған байланысты Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің арту себебін жан-жақты зерттеуді, мониторинг пен бақылауды күшейтуді, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнаманың орындалуын қадағалауды және ерте жүктіліктің салдары, жауапкершілік пен құқықтар жөнінде кең көлемді ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүргізуді ұсынды.