ҚОҒАМ

Аида Балаева әлеуметтік желі қолданушыларын заң талаптарын сақтауға шақырды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Caravan.kz

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі қолданушыларын сақтық танытып, заңға қайшы пікірлер мен жазбалардан аулақ болуға шақырды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда интернет кеңістігінде өзекті мәселелер қызу талқыланып жатыр. Алайда мониторинг нәтижелері бойынша, онлайн-платформаларда жиі жалған және заңға қайшы ақпарат таралатыны байқалады. 

“Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын.

Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс”, - деп жазды министр.

Сондай-ақ Аида Балаева интернет-ресурстардың әкімшілері ақпарат таратқанда қоғам алдындағы жауапкершілікті ескеруге тиіс екенін жеткізді. 

“Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар”, — деді ол. 

Министр өз сөзін елдегі тұрақтылықтың басты кепілі – бірлік пен ынтымақ екенін еске салып, құқықтық мемлекет құру жолында заң мен тәртіпті қатаң ұстану қажет екенін баса айтты.