ҚОҒАМ

Спорт саласындағы жалған диплом дауы: жүздеген жаттықтырушы жұмыстан босатылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Almaty.tv

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров еліміздің бірнеше өңірінде жалған дипломмен жұмыс істеген бірнеше спорт мектебінің басшылары мен жаттықтырушылары анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Агенттіктің деректеріне сүйенсек, спорт саласында жалған диплом қолданудың 278 фактісі тіркелген. Олардың ішінде:

    •    9 мектеп директоры,

    •    248 жаттықтырушы,

    •    21 өзге қызметкер бар.

Ең көп заң бұзушылықтар келесі аймақтарда анықталған:

    •    Түркістан облысы – 44,

    •    Атырау облысы – 30,

    •    Алматы облысы – 26,

    •    Жамбыл облысы – 22,

    •    Ақмола облысы – 20.

Жалған диплом иеленгендердің арасында жоғары лауазымды тұлғалар да кездеседі. Мысалы, Астанадағы Олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшыларының бірі жоғары білім туралы жалған құжатпен қызмет атқарған. Тергеу барысында оның оқуын бітірмей тұрып, басқа спорт ұйымында нұсқаушы болып жұмыс істегені анықталды.

Осыған ұқсас жағдай Маңғыстау облысында да тіркелген. Мұнда Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директор орынбасары жалған дипломмен қызметке тұрған.

Барлық анықталған фактілер ішкі істер органдарына жолданып, алдын ала тергеу басталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 250 адамның еңбек келісімшарты бұзылды. Қалған қызметкерлердің жұмыстан босату мәселесі тергеу аяқталғаннан кейін шешілмек.

Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Бұл істің қоғамда қандай өзгерістерге әкелетіні әзірге белгісіз.