САЯСАТ

Қырғызстанда полицейлерді бопсалаған екі қазақстандық ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото. РҚ Шу облысының ІІББ

Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің Ішкі тергеу қызметі мен Шу облыстық полиция департаменті бопсалау фактісі бойынша екі қазақстандық азаматты қамауға алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

1 ақпанда Шу облыстық Жол-патрульдік полиция басқармасының қызметкерлері бопсалауға ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Қазақстан азаматтары полиция қызметкерлеріне әлеуметтік желілерде беделіне нұқсан келтіретін бейнематериал жариялаймыз деп қорқытып, 2500 доллар талап еткен.

Аталған жайт бойынша Шу облыстық полиция департаменті Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 208-бабы ("Бопсалау") бойынша қылмыстық іс қозғады.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері А.Н. мен М.Б. Сокулук ауданына қарасты Военно-Антоновка ауылында қызмет атқарғаны анықталды. Сол күні олар Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатқан. Көлік жүргізушілері – Қазақстан азаматтары Б.А. мен А.Р. – тиісті жүргізуші куәлігін ұсынбаған.

"Автокөлікті айып тұрағына жеткізу кезінде шетелдік азаматтар патрульдік көліктің бардачогына 6000 сом жасырын қалдырып, бұл әрекеттерін видеоға түсірген. Кейіннен олар бейнематериалды жариялаймыз деп қорқытып, полицейлерден 2500 доллар талап еткен", – деп мәлімдеді ведомство.

Бопсалау кезінде күдіктілер ақшаны алып жатқан сәтінде қолға түсті. 1990 және 1984 жылы туған Қазақстан азаматтары уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу барысында күдіктілерден арнайы белгіленген ақшалай қаражат тәркіленді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда, қажетті сараптамалар тағайындалды.