ДЕНСАУЛЫҚ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: IStock
Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің жеке медициналық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және ұсыну қағидаларына түзетулер енгізуді көздейтін жаңа жоба әзірледі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Жобаға сәйкес, диагностикалық жабдық арқылы алынған медициналық деректер мен ілеспе ақпаратты сақтау мерзімі белгіленді:
- Ересектер (15 жастан жоғары) – 10 жыл;
- Балалар (0-15 жас) – 15 жыл.
Осы уақыт аралығында сақталатын деректер қатарына аудиожазбалар, биомагниттік суреттер, компьютерлік томография нәтижелері, түсті доплерография, рентген, ЭКГ, эндоскопия, тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу, ауыз қуысының рентгенографиясы, МРТ, УДЗ, сонограммалар, бейне және фотосуреттер, видеомикроскопиялық, бейнеэндоскопиялық суреттер және басқа да медициналық бейнелер кіреді.
Жобаға сәйкес, диагностикалық жабдықты пайдалана отырып алынған дербес деректер мен медициналық ақпарат ҚР СТ ИСО 12052-2021 стандарты (DICOM) бойынша өңделеді. Деректерді сақтау бірегей сәйкестендіру нөмірлерін беру арқылы жүзеге асады. Белгіленген мерзім өткен соң, медициналық ақпарат жойылады.
Бұл өзгерістер денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық және әкімшілік деректерді жинау мен өңдеу механизмін жетілдіру, медициналық көмектің сапасын арттыру, сондай-ақ басқа ұйымдармен тиімді әкімшілік өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Әзірлеушілердің пікірінше, бұл бастама ешқандай жағымсыз әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді. Құжат 2025 жылдың 14 ақпанына дейін Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылау үшін жарияланған.