САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: ТЖМ
Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тергеу халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын және алдын ала нәтижелер бір ай ішінде жарияланатынын айтқан болатын.
Апатты зерттеуге Әзербайжан, Ресей, Бразилия және Нидерландтан келген 17-18 сарапшы тартылған. Мамандар қара жәшіктердегі мәліметтерді зерттеп, ұшқыштардың диспетчерлермен әңгімесін және техникалық параметрлерді талдап жатыр.
“Бұл – ауқымды жұмыс. Алдағы аптада Көлік министрлігі алдын ала қорытындыларды жариялауы мүмкін”, — деп айтқан еді ол.
Сонымен қатар Бозымбаев Бас прокуратура жеке қылмыстық іс қозғағанын, ал тергеуді көлік прокуратурасы жүргізіп жатқанын атап өтті.
“Қаза тапқандардың отбасыларына 5 миллион теңгеден өтемақы төленеді. Сондай-ақ жерлеу рәсімі мен марқұмдардың денесін тасымалдауға байланысты шығындардың да өтелгенін атап өткен жөн”, — деп қосты ол.
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам болған. 38 адам қаза тапты, оның ішінде алтауы – Қазақстан азаматы. Ал 29 адам аман қалды.