ҚОҒАМ

Қазақстанда ақылы автотұрақ жүйесіне қандай өзгерістер енгізілмек? — Нартай Аралбайұлы жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы мен Үнзила Шапақ Астана мен Алматы әкімдіктерінде тұрақтарға жауапты мамандармен кездесіп, бірқатар маңызды мәселені талқылады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Нартай Аралбайұлы жиын қорытындысын жариялап, 2025 жылдың жазында Астанадағы ақылы автотұрақтардың толығымен әкімдік қарамағына өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар автотұрақ ақысын төлеуді ұмытып кеткен жүргізушілерге бірден айыппұл салынбай, алдымен SMS-хабарлама жіберу тәжірибесі енгізілетінін айтты.

“Бұл бастама Алматыда іске асырыла бастады – енді автотұраққа кірген көліктер камераға түсіріліп, иесіне хабарлама жолданады. Аталған өзгерістер әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер аясында жүзеге асуда”, — деді ол. 

Жаңа ережеге сәйкес, төлем жасамағандарға алдымен SMS-хабарлама жіберіліп, 24 сағат ішінде төлеу мүмкіндігі беріледі. Тек осы уақыттан кейін айыппұл салынады. Сонымен қатар ақылы тұрақ үшін айыппұл көлемі үш есе азайтылған. Бұл өзгерістер 2025 жылдың наурызында заңды түрде күшіне енеді.

Депутат тағы бір жаңалықты жеткізді.

"Астанада ақылы автотұрақтарда тегін тұру уақыты 5 минуттан 15 минутқа ұзартылмақ. Бұл ұсынысты әкімдік тарапы қолдады", - деді ол. 

Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында ақылы автотұрақтар болмауы тиіс деген мәселе көтеріліп, әкімдік оны жүзеге асыруға келісім берген.

Нартай Аралбайұлы барлық өзгеріс күшіне енгенде қосымша хабарлайтынын айтты.