ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Yalcin Sonat / Shutterstock / FOTODOM
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше мәрте алаяқтық жасағаны үшін айыпталған азамат А.-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, А. есімді азамат OLX сайтында "Дубайдан шоколад жеткізу және сату" туралы жалған хабарландыру жариялаған. Ол WhatsApp арқылы сатып алушылардан алдын ала төлем жасауын сұрап, қаражат түскеннен кейін жәбірленушілердің телефон нөмірлерін бұғаттап отырған. Осылайша, 9 адамға жалпы сомасы 176 300 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Сотта айыпталуышының кінәсі толық дәлелденді.
"Оған ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша айып тағылды. Прокурор 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді сұрады. Қорғаушы тарап пен жәбірленушілер прокурордың ұстанымымен келісті. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот оның кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды ерікті түрде өтеуін және жас балаларының болуын таныды. Ауырлататын мән-жайлар болмады", — делінген хабарламада.
Іс сотқа дейінгі жедел тергеп-тексерумен аяқталды және жаза тағайындау барысында баптың санкциясында көзделген жазаның жартысынан аспауға тиіс.
"Сот сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған жәбірленушілердің ұстанымын ескере отырып, оған 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ", — деп атап өтті қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот.