ҚОҒАМ

ІІМ мопедтерді тіркеу тәртібін түсіндірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Kazpravda.kz / Адильбек Тауекелов

Ішкі істер министрлігі ел аумағында мопедтерді тіркеу ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

ІІМ департаментінің бастығы, ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, мопедті тіркеу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға баруы керек. Жеке басын куәландыратын құжаттарды электронды түрде ұсынуға болады. Сондай-ақ көлік құралының техникалық құжаты немесе оның сипаттамалары туралы мәліметтер қажет.

«Тіркеу рәсімі бірнеше кезеңнен тұрады: өтініш толтыру, мопедті тексеруден өткізу және мемлекеттік алымдарды төлеу. Атап айтқанда, мопедті тіркеу үшін – 0,25 АЕК, тіркеу куәлігін алу үшін – 1,25 АЕК, ал мемлекеттік нөмір үшін – 1,4 АЕК көлемінде төлем қарастырылған», – деп түсіндірді Шыңғыс Алекешев.

Егер мопедтің VIN-коды жоқ болса, ол тексерістен кейін тағайындалады.

«Көлік құралының VIN-коды болмаған жағдайда немесе оның шығарылған жылын анықтау мүмкін болмаса, тексеру нәтижесі бойынша жаңа код беріледі. Бұл ретте мопедтің өндірілген жылы ретінде оның тексеруден өткен жылы есептеледі», – деді ІІМ өкілі.

Сонымен қатар мопедтерге мемлекеттік нөмір беру мотоциклдерді тіркеу тәртібіне сәйкес жүзеге асырылатыны аталып өтті. Яғни, жүйе нөмірді автоматты түрде тағайындайды.

«Қазақстан Республикасының “Жол қозғалысы туралы” заңына сәйкес, мопедті басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Алайда, егер азаматтың А немесе В санатындағы куәлігі болса, бұл да мопед айдауға құқық береді», – деп түсіндірді министрлік өкілі.

ІІМ 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға тыйым салынатынын ескертті.

«Егер жүргізуші тіркеуден өтпеген мопедті басқарған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағына сәйкес, оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», – деп мәлімдеді ІІМ өкілі.