САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақмыс” корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында “Қазақмыс” корпорациясына қарасты “Жомарт” кенішінде тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшының қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.
ТЖМ іздестіру-құтқару жұмыстары барысында "Қазақмыс"корпорациясы ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылғанын мәлімдеді.
“Олардың жеке басы анықталуда. Қайтыс болған жеті жұмысшының денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды”, — деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен апаттың себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оған премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.
Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары да тексеру жүргізіп жатыр.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, аталған факті бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі – “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.