Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: freepik.com
Нағашыларының үйінде жұмбақ жағдайда көз жұмған Лиза Пылаеваның ісі бойынша апелляциялық сот шешімі шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
2024 жылдың қазан айында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында марқұм Лиза Пылаеваның ісі бойынша айыпталушыға үкім шыққанын хабарлаған едік. Лиза Пылаеваның өлімі бойынша тергеу шамамен бес жылға созылды. Судья Бәкірбаев Лизаның әпкесі Ольга Шмакованы, әжесі Леонарда Рыжакованы және үй қызметшісі Ухтаб Махмудовты кінәсіз деп таныды. Сонымен қатар Ольга Шмакованы үйқамақтан шығару туралы үкімді оқыды. Алайда жәбірленуші тарап, марқұмның әкесі сот шешіміне келіспеді. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
"Кейбір жарақаттар иттің тістеуінен пайда болуы мүмкін деген болжам да бар. Ең бастысы – айыптау тарапы баланың өліміне сотталушылардың қатысы бар екенін бұлтартпас дәлелдермен дәлелдей алмады. Айыптаушы тараптың тергеу экспериментіне сүйенуі де сот отырысында жоққа шығарылды. Өйткені жүргізілген тәжірибеде дәл осындай жарақаттарды алу мүмкін емес екені анықталды. Айыптау тарапы бұл өлімнің кісі қолынан жасалған қылмыс екенін де, жазатайым оқиға болғанын да нақты дәлелдей алмады. Баланың өлімі, сөзсіз, үлкен қайғы. Бірақ заң бойынша кінә тек бұлтартпас айғақтармен дәлелденуге тиіс. Мұндай айғақтар сотқа ұсынылмаған", – деді алқа сот отырысында.
6 жастағы Лиза Пылаева 2019 жылы нағашыларының үйінде жұмбақ жағдайда қаза болған. Лизаның әкесі Александр Пылаев әйелінің әпкесі Ольга Шмаковаға жиенін қызғанышпен өлтірді деген айып таққан еді.