МӘДЕНИЕТ

Мақсат Толықбай фонограммамен ән айтуға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қазақ әншілерінің концерттерде фонограммамен ән айтуына заң жүзінде тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Заңға енгізілген өзгерістер іс жүзінде орындалмай отыр

"Қазіргі заңнама бойынша, егер әнші фонограммамен өнер көрсететін болса, концертті ұйымдастырушылар бұл туралы көрерменді алдын ала хабардар етуі тиіс. Алайда бұл талап көп жағдайда сақталмайды. Сондықтан біз фонограммамен ән айтуға заң жүзінде толық тыйым салуды ұсындық. Бірақ министрлік бұл ұсынысты қолдаудан бас тартты”, – деді депутат.

Министрлік мәселені шешудің орнына сылтау айтып отыр

Толықбайдың айтуынша, ведомство бұл мәселеге қатысты бірнеше сылтау айтқан.

“Бірінші себеп – өңірлердегі концерт залдарының техникалық жабдықтарының 70%-ға тозғаны. Осыған байланысты біз заң талабын жұмсартып: "егер концерт өтетін орын заманауи техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограммаға тыйым салынсын" деген ұсыныс жасадық. Алайда бұл өзгеріс те қолдау таппады.

Екіншіден, министрлік дыбыс режиссерлерінің жетіспейтінін алға тартты. Бірақ бұл сұраныстың аздығына байланысты қалыптасқан жағдай. Біз тағы бір ымыралы шешім ұсындық: "егер концерт өтетін орын қажетті техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілмесе, ұйымдастырушылар көрерменді алдын ала хабардар ету арқылы фонограмманы пайдалануға рұқсат ала алады" дедік. Алайда бұл нұсқа да қабылданбады. Біздің ұсынысымыз екінші оқылымға дейін қолдау таба ма?” – деп мәселені көтерді депутат.

Министрлік 11 наурызда шешім қабылдауға уәде берді

Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бұл мәселе 11 наурызда өтетін кеңейтілген жиында қарастырылатынын мәлімдеді.

“Келесі аптада барлық мүдделі тараптардың – шоу-бизнес өкілдері, мәдени мекемелердің басшылары, режиссерлер мен басқа да мамандардың қатысуымен ашық талқылау өткіземіз. Сол жиында сіздердің ұсыныстарыңызды егжей-тегжейлі қарастырып, Мәжілістің екінші оқылымына дейін нақты шешім қабылдаймыз”, – деді вице-министр.