ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: stan.kz
Семейде бір топ жасөспірім әлімжеттік көрсеткен 6-сынып оқушысына қазақстандықтар пәтер сыйлады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл туралы семейлік блогер Аида Жүнісова мәлімдеді. Оның айтуынша, небәрі үш күн ішінде халықтың қолдауымен 32 миллион теңге жиналып, оған пәтер сатып алған.
Жүнісова тұрғын үйдің ресми рәсімделгенін хабарлап, көпшілікке баспананың кілті мен құжатын табыстау сәтін көрсетті.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова халықтан жиналған қаражат қандай мақсатқа жұмсалатынын мәлімдеген еді. Қазіргі таңда 5 баласы бар отбасы жалдамалы пәтерде тұрады екен.
"Баспана сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының, заңгерлер мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылады", - деді Эльзира Жүнісова.
Еске салайық, әлеуметтік желіде бір топ жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жыққан видео жаппай тарады. Жәбірленушінің 6-сынып оқушысы екені анықталды.
Бұзақылар оқушының басынан, кеуде тұсынан тоқтаусыз тепкілеген. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзған балалардың ата-аналары полицияға жеткізілді. Жасөспірімдер арнайы есепке қойылып, олардың тәртібін кәмелетке толмағандар құқығын қорғау жөніндегі комиссия қарайтын болды.