Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: freepik.com
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Тергеу нәтижесінде аталған тұлғалар бюджет қаражатын жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша айыпталуда.
2019 жылы "Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту" жобасы іске қосылды, оның аясында электр қуатын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі жарықтандыру құралдарын қуаты тиімді жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген болатын.
Алайда, лауазымды тұлғалар жобаны жүзеге асыру барысында жалған актілерге қол қою арқылы жабдықтар мен жұмыстардың құнын арттырған және жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін көшелерді жарықтандыру құралдарын қабылдаған.
Сонымен қатар, қылмыстық кірістерді жылыстату мақсатында "Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аймақтық орталығы" АҚ басшысы компанияны сенімді адамының атына тіркеп, қаражатты жымқыру үшін қосалқы мердігерлік ұйым ретінде пайдаланған.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы құны 265 миллион теңгені құрайтын элиталық жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алынған, оларды ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғаларға рәсімдеген.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Күдікті тұлғалар тарапында қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.