ҚОҒАМ

“Жомарт” кенішіндегі апат: тергеудің алдын ала қорытындысы белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Kazinform

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішіндегі апатты тергеудің алдын ала нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Тергеу барысында сегіз кіші комиссия құрылып, оған ғылыми-зерттеу институттарының сарапшылары мен зертханалардың мамандары тартылған. Комиссия төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін кешенді зерттеулер жүргізді.

Отырыста Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері тергеу барысы туралы баяндама жасады. Оқиға куәгерлері арасында сауалнама жүргізіліп, өндірістік процестер мен жабдықтардың техникалық жағдайы тексерілді.

Алдын ала қорытындыға сәйкес, апаттың негізгі себебі – тау-кен қазбасынан метанның бөлініп жиналуы және электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Жауапты тұлғалар да белгілі болды.

Жиында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу шаралары туралы баяндады.

Қазіргі уақытта «Жомарт» кенішіндегі өндірістік жұмыс толық тоқтатылған. Комиссия мұндай апаттардың алдын алу үшін бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Кеңес қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев «Қазақмыс» корпорациясына анықталған заңбұзушылықтарды жоюды, қауіпсіздік шараларын күшейтуді, газ құрамын анықтайтын автоматтандырылған жүйелер енгізуді, бейнебақылау орнатуды және басқа да қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды.

Тергеу жұмыстары жалғасуда және ерекше бақылауда болады.