САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Tengrinews.kz/Турар Казангапов
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Назарбаев университетінің кадр саясатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Айтуынша, оқу орны халықаралық рейтингтерге басымдық беріп, қазақстандық мамандардың академиялық ортаға тартылуын екінші орынға қойып отыр.
“Жақында Назарбаев университетінің Білім беру мектебінің жетістіктері туралы пост жарияладым. Бұл – тамаша нәтиже. Бұл университеттің Қазақстан үшін маңыздылығына, оның әрі қарай дамуы мен ауқымды инвестицияларды қажет ететініне сенімдімін. Алайда кез келген табыс тарихы тек жеңістерден тұрмайды, сонымен қатар үнсіз қалуға болмайтын сын-қатерлерден де құралады. Жаңа ректормен кездесіп, өзімнің байқаған жайттарымды ашық жеткіздім”, – деді депутат.
Аймағамбетовтың пікірінше, университеттің қазіргі саясаты рейтинг қуалауға бағытталған, ал бұл стратегиялық мақсаттарға кері әсер етуі мүмкін.
“Бүгінгі жетістіктер осыдан 5–6 жыл бұрынғы жұмыстың жемісі, ал қазіргі басшылық тепе-теңдікті сақтауы тиіс. Қазіргі таңда университеттегі Білім беру мектебі көрсетіп отырған жетістіктер – жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен жүйеліліктің, сабақтастықтың нәтижесі. Бірақ айта кетерлігі, бұл факультетті басқаратын жалғыз қазақстандық азамат – университеттің жетекші құрамындағы жалғыз жергілікті маман. Бәлкім, осының арқасында Білім беру мектебі елдегі білім беру жүйесінің ерекшеліктерін жақсы түсінеді”, – деді ол.
Мәжілісмен Назарбаев университетінің ғылыми ортасына қазақстандық мамандардың интеграциясы әлі күнге өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті.
“Университет алғаш құрылғанда, ол шетелдік профессорлар мен менеджерлердің көмегімен дамыды. Бұл бастапқы кезеңде орынды шешім болды. Бірақ 15 жылдан астам уақыт өтті. Логикалық тұрғыдан алғанда, қазақстандық ғалымдар мен басқарушылардың академиялық ортаға біртіндеп интеграциялануын күтуіміз керек еді. Өкінішке қарай, қазақстандық қызметкерлер әлі күнге дейін негізінен әкімшілік блоктарда ғана жұмыс істейді. Яғни, олар көбінесе көмекші персонал ретінде ғана қызмет атқарады”, – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, елде әлемнің үздік университеттерінде білім алған, халықаралық тәжірибесі бар жоғары деңгейлі мамандар жеткілікті. Алайда олардың Назарбаев университетінің академиялық ортасына кіру мүмкіндігі шектеулі.
“Қазіргі уақытта университеттегі декандардың ішінен тек біреуі ғана – Қазақстан азаматы. Провост немесе басқа факультет декандары – қазақстандық емес. Нағыз сапалы білім – бұл тек әдемі есептер мен рейтингтер емес. Университеттің шынайы күші мен беделі оны қалыптастыратын адамдарға байланысты”, – деп атап өтті депутат.
Аймағамбетов Назарбаев университетінің Қазақстанның білім беру жүйесіне толыққанды ықпал ететін оқу орнына айналуы керек екенін айтты.
“Парсы шығанағы елдерінің тәжірибесіне назар аударыңыз. Жақында мен The Economist басылымынан мақала жарияладым. Онда шетелдік университеттерге бағытталған көпжылдық және миллиардтаған инвестициялар күтілетін нәтижелерді бермейтіні айтылған. Себебі жүйелі capacity building процесі мен жергілікті білім беру ұйымдарына тәжірибені тарататын механизмдер жоқ”, – деді депутат.
Аймағамбетовтың пікірінше, Назарбаев Университеті жеке дара оқшауланған құрылым ретінде ғана емес, қазақстандық ғалымдар мен басқарушыларды даярлайтын білім беру орталығына айналуы тиіс.
“Бізде жоғары білім беру менеджментінде және ғылымда мықты мамандардың тұтас бір буыны бар. Бірақ олар өз идеяларын жүзеге асыратын және шынайы үлес қоса алатын кеңістік таппай отыр. Бұл – үлкен мәселе. Егер ол шешілмесе, Назарбаев Университеті маңызды, қажет және пайдалы жоба болып қала береді, бірақ елдің жалпы білім беру жүйесіне толыққанды әсер ете алмайтын, оқшауланған құрылым болып қала бермек”, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.