ҚОҒАМ

Алматы әуежайында қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адам мемлекеттік наградаға ұсынылады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: видеодан скриншот

Алматы халықаралық әуежайында орын алған төтенше жағдай кезінде қылмыскерді ұстауға көмектескен азамат мемлекеттік наградаға ұсынылады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

“Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды” деді баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, Алматы халықаралық әуежайында ер адам қызметкерді кепілге алған болатын. Әуежай өкілдерінің мәліметінше, оқиға ұшу алдындағы тексеру аймағында, сағат 11:45 шамасында болған. Өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам терминалдың тексеру аймағына кірген кезде, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері одан құжаттарын көрсетуді сұраған. Алайда ол кенеттен скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.

Жеті минут ішінде әуежайдың желілік полиция бөлімінің (ЛПБ) қызметкерлері мен авиациялық қауіпсіздік мамандары күдіктінің қаруын тартып алып, оны ұстады. Қазір ол полиция бөлімінде, оқиғаның мән-жайы анықталуда.