Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Қаржаубай Нұрымовтың желідегі парақшасынан
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты қылмыстық іс жақын күндері сотқа жолданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Алайда негізгі сот процесінің нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.
“Қазіргі таңда Шерзат Болат ісі прокуратурада қаралып жатыр. Осы аптада сотқа жолданады деп күтіп отырмыз. Бұдан әрі істі сот қарайды. Судья тағайындалып, басты сот талқылауы өтеді. Алдағы уақытта сот өкілдері толыққанды түсініктеме береді деп ойлаймын”, – деді Санжар Әділов.
Айта кетейік, бұған дейін аталған қылмыстық істің тергеуі аяқталғаны хабарланған болатын. Тергеу материалдарының жалпы көлемі 62 томнан тұрады. Оған жиналған барлық айғақ, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды құжаттар енгізілген.
Тергеу барысында заң нормалары қатаң сақталды. Барлық процессуалдық әрекеттер заң аясында жүргізілді. Тергеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету прокуратура органдарының бақылауында болды.
Шерзат Болаттың өлімі
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат ауыр қылмыстың құрбаны болды. Біраз уақыт өткен соң оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өлі денесі табылды.
Қанды оқиғадан кейін қоғамда үлкен резонанс туындап, марқұмның туыстары әділдік талап етті. Бұл іске қатысты тергеу амалдары аяқталып, енді сот процесі басталмақ.