ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: : optimism.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) еліміздегі кейбір мейрамханалар мен дәмханаларда ауызашар мәзірінің бағасы негізсіз көтерілгенін айтып, бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
“Өкінішке қарай, кейінгі уақытта еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафелер мен дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушіліктің туындауына себепші болуда”, – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана мен дәмхана иелерін қолжетімді әрі қарапайым мәзір жасауға шақырды.
“Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес күнәға жетелейді. Ауызашар дастарқаны қарапайымдылыққа негізделуі тиіс. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді” делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят)”, — деді ҚМДБ.
Айта кетейік, бұған дейін танымал дінтанушы, көпшілік арасында "тиктокер-имам" атанып кеткен Нұрлан Байжігітұлы ауызашардың қазіргі таңда шынайы ниеттен гөрі даңғазалық пен бәсекеге айналып бара жатқанын сынға алған еді.
Бұл туралы ол "Алматы ақшамы" газетіне берген сұхбатында айтты.
Имамның айтуынша, кейінгі жылдары бұл дәстүр әлеуметтік мәртебені көрсетудің құралына айналып кеткен.
"Біз ауызашарды жарысқа айналдырып жібердік. Бір күні бір облыстың әкімі хабарласып, 700 адамға ауызашар беретінін айтты. Мен одан: "Сізге жарнама керек пе?" деп сұрадым. Ол "жоқ" деді. Бірақ бізде шенеуніктердің ауызашар беруі мақтаныш пен бәсекеге айналып барады. Халық бұл дастарханға қарап отырған жоқ. Сондықтан оның негізгі мәнін ұмытпауымыз керек", – дейді имам.
Сондай-ақ Нұрлан Байжігітұлы кейбір адамдардың мол дастархан жасау үшін қарызға бататынын да атап өтті.
"Бір қарызды жабамын деп, екіншісін мойынға ілудің ешқандай жақсылығы жоқ. Хадисте 'ауызашарға бір жұтым су мен құрма болса да жеткілікті' деп айтылады. Дастарханның мол болуы емес, ниеттің тазалығы маңызды", – деді ол.