ҚОҒАМ

Қазақстанда адам ағзасын саудалаумен айналысқан күдікті Польшада ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Policia.kz

Польша құқық қорғау органдары халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған 35 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Ол адам ағзаларын заңсыз саудалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде Қазақстанда 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. 

Күдікті Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде ұсталған. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша жүргізілген операция нәтижесінде оны ұстауға поляк полициясы көмектесті.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған.

Күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алу, орналастыру, медициналық тексерістен өткізу, шығындарды өтеу және құпиялықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ, донорларға реципиенттермен туыстық байланысы туралы жалған ақпаратты жаттатқызғаны анықталды.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматшаны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.