САЯСАТ

Депутат Қазақстанда ЛГБТ насихатына заң жүзінде тыйым салуды ұсынды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: parlam.kz

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бірнеше маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Құрылтайдың бірінші күнінде “Руханият. Өнер. Мәдениет” секциясының отырысы өтті. Оған қатысқан 21 мүше өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы ұсыныстар

Депутат мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша бірқатар бастаманы ұсынды:

    •    Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде үміткердің қазақ тілінен жинаған балы бірінші кезекте ескерілуі тиіс. Қазіргі талап бойынша қазақ тілінен нөл нәтиже алған адамдар да мемлекеттік қызметке қабылдана алады.

    •    Қазақ ұлтының үлесі 90%-дан асатын өңірлерде мемлекеттік органдар іс-қағаздарын тек қазақ тілінде жүргізуі қажет.

    •    Басқа өңірлерде де іс-қағаздарды мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру қажет.

Мұрын жырау мұрасы мен мәдениет саласы

Депутат Мұрын жырау Сеңгірбекұлының шығармашылығын дәріптеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша:

    •    «Қырымның қырық батыры» жырларын ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне енгізу қажет.

    •    Эпосты мектеп, колледж және ЖОО бағдарламасына қосу керек.

    •    Мұрын жырау Сеңгірбекұлын республикалық деңгейде арнайы атап өтілетін тұлғалар қатарына енгізу қажет.

Сонымен қатар Жаңбыршин мәдени-көпшілік шараларда фонограммамен ән айтуға тыйым салуды ұсынды. Бұл бастаманы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Аида Балаева да қолдағанын атап өтті.

ЛГБТ насихатына тыйым салу мәселесі

Депутат елімізде ЛГБТ насихатына заң жүзінде толық тыйым салатын уақыт келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселеде Парламент депутаттарын қолдауы тиіс.

Дубляж саласындағы монополияны жою

Еділ Жаңбыршин Қазақстанда шетелдік фильмдерді дубляждауға қатысты мәселе көтерді. Қазіргі таңда дубляж жасаумен бір ғана компания айналысады және ол негізінен фильмдерді басқа тілдерге аударады. Депутат бұл компанияға қазақ тіліне дубляж жасауды міндеттеу немесе лицензия талаптарын қайта қарап, бәсекелестік орнату қажеттігін айтты.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір білдіреді.