ҚОҒАМ

ІІМ есірткі айналымына қарсы рейд жүргізді: медицина саласындағы заңбұзушылықтар анықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Polisia.kz

ІІМ елімізде есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау мақсатында жүргізілген “Дәрмек” республикалық жедел алдын алу шарасының нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Тексеру барысында 248 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 116-сы – медицина саласының қызметкерлері. Сонымен қатар есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 8 қылмыстық іс қозғалды.

Рейд нәтижесінде 35 мың тонна прекурсордың, 20 мың таблетка мен 24 мың ампуланың айналымына шектеу қойылды.

Жамбыл облысында прекурсорларды сақтау талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Белгілі бір ұйымнан 34 мың тоннадан астам күкірт қышқылы тәркіленіп, әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жағдайдан кейін компанияның қызметі уақытша тоқтатылды.

Ал Ақтөбе облысында медициналық мекемеде есірткі құралдарын есепке алу және сақтау талаптарының сақталмағаны белгілі болды. Осыған байланысты фармацевтке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

ІІМ ескерту жасады: есірткі заттары мен прекурсорлардың айналымына қатысты заң талаптарын бұзғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановмәлімдеді.