САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: ІІМ баспасөз қызметі
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің подкастында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – Ішкі істер министрлігі (ІІМ) ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болды. Бұл тақырыпқа қатысты ІІМ басшысы Ержан Сәденов Қостанайда орын алған оқиғаға пікір білдірді. Онда көлік жүргізушісі мен полиция қызметкерлерінің арасында жанжал туындаған болатын. Кейін белгілі болғандай, тәртіп бұзған жүргізуші ІІМ Академиясының тыңдаушысы болып шыққан, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
“Полиция – заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін орган. Оның басты мақсаты – қылмыстың алдын алу, оны ашу және тергеу. Құқық қорғау органдары мен заң бұзушылық қатар жүре алмайды. Қостанайдағы жағдайға келер болсақ, академияда магистратурада оқитын тыңдаушы осындай әрекетке бармағанда, оның болашағы мүлде басқа болар еді. Біз мұндай тәртіп бұзушылықтарға нөлдік төзімділік танытамыз. Сондықтан ол ішкі істер органдарынан шығарылды, ал әрекетсіздік танытқан қызметкерлер де жауапкершілікке тартылды. Біздің ұстанымымыз анық – заң бұзған полиция қызметкері жазасыз қалмайды”, – деді министр.
Оның айтуынша, ІІМ-де сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта алдын алу шаралары күшейтіліп, тәлімгерлік институты енгізілген.
“Өткен жылы біз “Кадрлық әлеуетті арттыру жылын” жарияладық. Бұл бізге ІІМ-де кім қызмет ететінін мұқият саралап, осындай жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Integrity check жүйесін енгіздік – бұл жыл сайынғы адалдыққа тексеру. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр”, – деп түсіндірді Ержан Сәденов.
Министр қоғам тарапынан қатаң бақылау мен сынның полиция қызметінің тазалығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
“Бір ғана тәртіп бұзушылық мыңдаған адал қызметкерлердің еңбегін жоққа шығара алмайды. Дегенмен біз әрбір осындай оқиғаны жеке қарап, тәртіп бұзған қызметкерлерге қатаң шара қолданамыз. Полицияда жауапсыздық танытатындар да, өз міндетіне лайық болмайтындар да кездеседі. Бірақ заң бәріне бірдей. Егер тәртіп бұзсаң – жауап беруге тура келеді. Сондықтан тағы да қайталаймын: полиция мен заң бұзушылық – үйлеспейтін ұғымдар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады”, – деп түйіндеді ІІМ басшысы.