МӘДЕНИЕТ

"Қазақфильмге" қатысты негізсіз қауесеттер көбейді – Аида Балаева маңызды мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: коллаж kursiv.media

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамда қызу талқыланып жатқан "Қазақфильм" киностудиясының болашағына қатысты мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында тараған кейбір қауесеттердің негізсіз екенін атап өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрдің айтуынша, киностудия аумағына қатысты алаңдаушылық туғызған ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Қазақфильмге" тиесілі жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылып жатыр. Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесеттер біржола тоқтатылуы тиіс", – деді Балаева.

Сонымен қатар "Қазақфильмді" жөндеуге дайын инвесторлардың бар екені туралы пікірлер де нақты дәлелдермен расталмаған.

"Қоғамда инвесторлар бар деген пікірлер айтылып жүр, бірақ нақты ұсыныстар мен кепілдік хаттар әлі жоқ. Егер нақты инвесторлар болса, мемлекет олармен жұмыс істеуге дайын", – деп түсіндірді министр.

Министр сондай-ақ киностудияны Астанаға көшіру туралы қауесеттерді жоққа шығарды.

"Бұл да негізсіз ақпарат. Қазіргі уақытта тек "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бірақ бұл өндірістік база емес, анимациялық контентті дамытатын құрылым. Сондықтан оның көшуі саланың жұмысына әсер етпейді", – деді ол.

Аида Балаеваның айтуынша, қазақстандық киноиндустрияда маңызды өзгерістер орын алып жатыр. Жаңа заңға сәйкес, енді кино саласын қаржыландырудың кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей "Қазақфильмге" бағытталатын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеу ережелері жаңартылып, киностудия халықаралық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге кіріскен.

Балаева "Қазақфильмнің" инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталғанын, соңғы 15 жылда алғаш рет жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Десе де, министр киностудияны басқару мәселесінде кәсіби менеджменттің маңыздылығын ерекше атап өтті.

"Министрлік киностудияны режиссер немесе актер емес, кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы ұстанады", – деді ол.