ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: әлеуметтік желі
Атырауда Туды өзгертіп, тұмшаланып суретке түскен үш адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты бұл оқиғаны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша қарады.
Оқиға қалай өрбіді?
23 наурызда Н., А. және кәмелетке толмаған Х. Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан Республикасының туымен суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл әрекет ұсақ бұзақылық деп танылды.
Сот қандай шешім шығарды?
Тергеу барысында құқықбұзушылардың кінәсі хаттама, фотосуреттер, баянат және өзге де іс материалдары арқылы толық дәлелденді.
Заңға сәйкес, 434-баптың 1-бөлігі бойынша құқықбұзушыларға 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Сот шешімімен:
• Н.-ға жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар (кәмелетке толмаған адамды құқықбұзушылыққа тарту, құқықбұзушылықтың адамдар тобымен жасалуы) ескеріліп, 15 тәулікке әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.
• А.-ға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
• Кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне 39 320 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулылары әлі заңды күшіне енген жоқ.