ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: ашық дереккөз
Танымал блогер Жан Ахмадиев Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймоваға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ахмадиев жариялаған видеода Шерзаттың әпкесі өз отбасының соңғы күндері қандай қысым көріп жатқанын баяндаған. Оның айтуынша, Бауыржан Абдырахманов есімді азамат бірнеше рет жалған ақпарат таратып, олардың отбасына ақпараттық шабуыл жасаған.
“Бұл адамның біздің отбасымызға тигізген зияны аз емес. Ол жалған мәліметтер таратып қана қоймай, Нұрқанаттың өліміне де тікелей себепкер болып отыр. Менің де өзіме қол жұмсауыма осы адам кінәлі”, — дейді Бақыт Реймова.
Бұл мәлімдемеден кейін ол Алматыдағы Райымбек даңғылы бойындағы көпірге көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Қуанышқа орай, оны жақын маңдағы полицей дер кезінде байқап, ажалдан арашалап қалған.
Жан Ахмадиев аталған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Бауыржан Абдырахмановқа бірнеше рет ескерту жасағанын айтты.
“Сөз сүйектен өтеді деген рас қой. Бір адамның сөзі қанша қайғы мен қасіретке себеп бола жаздады. Өзін “доктор” деп таныстырған бұл азаматқа бірнеше рет ескерту жасадым. Бірақ еш нәтиже болмады. Егер Бақыт өзіне қол салғанда, оның отбасының қарғысына ұшыраймын деп ойламай ма? Бұл адамның не көздегенін түсіне алар емеспін. Қара жамылып отырған отбасыға неге сонша жабысып алды?” — деп мәлімдеді блогер.