Спорт
Залда ина шаншар орын болмады
Еліміздің мәдени рухани орталығында алғаш рет қазақ күресінен «Өнер барысы» турнирі өткізілді. Бұл мега жобаға Семей қаласының шығармашылық, мәдениет, әдебиет саласында жүрген біршама жастарымыз қатысып өз бақтарын сынады.
Қатысушылардың басым көпшілігі қазақ күресінен бейхабар болса да, берілген қысқа мерзім ішінде жаттығып, әдіс айлаларын боз кілемде шыңдай түсті. Бұл мега жобаны тамашалау үшін Nur-Sultan қаласынан «Өнер қырандары» театрының әртісі, Тұңғыш «Өнер барысы» Сырымбет Бибосынов арнайы келіп, палуандарымызға қолдау көрсетті. Қазақ күресінің ережесіне сәйкес турнир жеңіл және ауыр салмақта ұйымдастырылды.
«Өнер барысы» жобасының қорытындысы бойынша жеңіл салмақта 3 орынды иеленген Серікқалиев Әділжан (лақап аты: Ақтер), 2 орын Алпысбаев Ернұр (лақап аты: Түлкі) және де жеңіл салмақта жоба жеңімпазы Мұқанов Азиз (лақап аты: Шыңғыстау) атанды.
«Өнер барысы» жобасының қорытындысы бойынша ауыр салмақта 3 орынды иеленген Мейрамбеков Мерей (лақап аты: Жауынгер), 2 орын Божан Медет (лақап аты: Сәкөш) және жоба жеңімпазы Капезов Мират (лақап аты: Тарбағатай арланы) атанды. Бұл жобаның бас ұйымдастырушылары Семей КВН филиалының директоры Енкебаев Еркебұлан және Жалелов Айбек, Мақсат Рахиев сынды азаматтар болды.
Бір қызығы залда ине шаншар орын болмады. Жүлдеге іліккен жеңімпаздарға ақшалай сертификат, арнайы диплом және Қуаныш Салықбаев атындағы жүлде «Әзіл Әлемі» театрының әртісі Мейіржан Алтыбаевқа (лақап аты: Айбек Нұғымаров) табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша бұл жоба дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.