САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: total.kz
Прокуратура мемлекет пайдасына 1,9 миллиард теңге көлемінде активтердің қайтарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл сомаға “Оператор РОП” ісі бойынша өндірілген қаражат пен Astana LRT компаниясының берешектері де кіреді.
Қызығы, бастапқыда прокуратура “Оператор РОП” ЖШС-нің сотталған қызметкерлерінен өндірілген соманы атап өткен еді, бірақ бұл ақпарат кейінірек ресми хабарламадан алынып тасталды.
“Мемлекет пайдасына шыққан сот актілерінің орындалуы бойынша талдау жүргізілді. 2023 жылы сотталған “Оператор РОП” ЖШС қызметкерлерінен мемлекетке бір миллиард теңге көлемінде тәркіленген қаражат өндірілді”, – делінген еді бақылаушы органның алғашқы нұсқасындағы мәліметте.
Дегенмен Astana LRT жобасына қатысты берешек жөніндегі дерек өзгеріссіз қалды. Прокурорлар мемлекет пен “City Transportation Systems” ЖШС (бұрынғы Astana LRT) пайдасына шығарылған сот шешімдерінің орындалуын тексерген. Бұл компанияның құрылтайшысы – елорда әкімдігі.
“Мемлекетке 40 жылжымайтын мүлік нысаны – 39 коммерциялық үй-жай мен теміржол желісі бар 12,8 гектар жер телімі берілді. Бұл активтердің жалпы құны – 920 миллион теңге. Қазіргі уақытта тағы 615 миллион теңге тұратын 37 нысанды беру процесі жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.