ҚОҒАМ

"Үрей туғызатын жағдай емес". Тимур Сүлейменов теңге бағамының ауытқуына байланысты пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 

Фотосурет: Ulysmedia.kz

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің девальвациясы мен экономикалық ахуалға қатысты түсініктеме беріп, бұл мәселеде дүрлігуге негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бұл пікірін ол базалық мөлшерлеменің 16,5% деңгейінде қалуына орай өткен баспасөз мәслихатында айтты. Журналистер нақты бағам болжамын сұрағанымен, Сүлейменов Ұлттық банк мұндай нақты көрсеткіштерді болжай алмайтынын, себебі бұл регулятордың құзыретінен тыс екенін атап өтті.

"Адамдар девальвация десе, бір сәтте болатын күрт өзгерісті елестетеді. Алайда инфляциялық таргеттеу және еркін айырбас бағамы жүйесінде бұл мүмкін емес", — деді ол.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, теңге бағамының өзгеруі біртіндеп жүріп отырады және ол ішкі-сыртқы экономикалық факторларға тәуелді. Бұл тұрғыда негізгі ықпал етуші фактор — мұнай бағасы.

"Егер мұнай мен басқа да экспорттық өнімдердің бағасы қолайлы деңгейде сақталса, әрі импорт көлемі азайса, онда теңге тұрақтылығын сақтайды", — деді Сүлейменов.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда әлемдік нарықтардағы, әсіресе қаржы, энергетика және тауар нарықтарындағы жағдайды дәл болжай алатын бірде-бір экономист жоқ екенін айтты. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Brent маркалы мұнай бағасы 50–55 доллар деңгейіне түскен жағдайда іске асырылатын ықтимал сценарийлерді зерттеп жатқанын жеткізді.

"Қазіргі таңда экономикалық өсім мен мемлекеттік қаржы көрсеткіштері болжанған деңгейде. Яғни жағдай тұрақты. Ал болашақтағы өзгерістер жаһандық нарықтарға байланысты болады", — деді ол.