ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: instagram
“Алауыздық қоздырды” деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылған Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында өткен процесте Еңсебекке әлеуметтік желі арқылы ұлттық араздықты қоздырды деген айып тағылған болатын.
Сот материалдарына сүйенсек:
• Темірлан Еңсебек Instagram желісіндегі 34 мыңнан астам жазылушысы бар парақшаның әкімшісі ретінде өзге ұлт өкілдерінің ар-намысына тиетін, балағат сөздермен жазылған мәтін мен музыкалық композицияны жариялаған.
• Бұл жазба ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлікті бұзуға бағытталған деп танылды.
• Сот сараптамалары (психологиялық және филологиялық), куәгерлер жауабы және басқа да дәлелдер Еңсебектің кінәсін растайды.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Алайда тараптардың уәждерін тыңдап, іс материалдарын толық зерттеген сот оны Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тапты.
Бұл бап 2 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды, не шектеуді, немесе айыппұл салуды қарастырады.
Сот шешім шығарарда айыпталушының бұрын сотталмағанын ескергенімен, оның өкініш білдірмегенін назарға алып, Темірлан Еңсебекке 5 жылға бас бостандығын шектеу және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.