ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: ҚР Жоғарғы сот
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Болаттың қазасына байанысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта өткен куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай куәгердің жауаптарында қарама-қайшылықтар бар екенін атап өтті.
"Тергеу кезінде сіз бала жерге құлап, қанға батқанын және Абзалдың пышақпен баланы арқасынан ұрғанын көргеніңізді айтқансыз. Осы жауаптарыңызды растайсыз ба?" – деп сұрады айыптаушы.
Алайда Нұрбекова тергеу кезінде нақты есінде болмағанын айтып, жауабында:
"Мен ол кезде орысша-қазақша араластырып жауап бердім. Нақты ешнәрсе есімде жоқ", – деді.
Мемлекеттік айыптаушы тергеу барысында куәгердің анық әрі толық жауап бергенін, ал сотта қазақ тілін түсінбегенін алға тартып отырғанын еске салды.
"Тергеп-тексеру кезінде сіздің барлық жауабыңыз хаттамаға сол күйінде жазылған", – деді Дана Сәрсенбай.
Эльмира Нұрбекова өз кезегінде тергеу кезінде күйзеліске түскенін, екі күн бойы тергеу изоляторында болып, дұрыс тамақ ішпегенін және үйге қайтуды ғана ойлағанын айтты.
"Шаршадық, су да ішпедік. Не айтқанымды есімде жоқ", – деп түсіндірді куәгер.
Айта кетейік, бүгінгі сотта Нұрбекова сотталушылардың бірі оны кафеге шақырғанын, алдымен сол жерде кездескендерін, кейін дүкен маңына бірге барғандарын айтты. Бұған дейінгі тыңдауларда ол қақтығыс кезінде жігіттерді сабырға шақырғанын мәлімдеген болатын.
Еске салайық, 4 қазанда Талғарда жаппай төбелес салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты.
Алматы облысының полиция департаменті Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдікпен 11 адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.
Көп ұзамай, 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Полиция оның суицид жасағанын мәлімдеп, дәлел ретінде туыстарына қалдырған қоштасу хатын көрсетті. Онда Нұрқанат бауырының жанына жерлеуді өтінген.
Сот-медициналық сараптама оның өлімін асылу салдарынан болған механикалық асфиксия деп көрсетті.
10 желтоқсанда Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлы мен бауырының өліміне байланысты БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етіп, наразылық білдіруге шықты. Алайда көп ұзамай полиция оны ұстады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, Нұрымов заңды талаптарды орындамай, агрессивті әрекеттер көрсеткен, өзін-өзі өлтіремін деп қорқытып, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған.
Бұл әрекеттер оның айналасындағыларға қауіп төндірген. Нәтижесінде Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.
Олар 15 тәуліктен кейін босап шықты. Ал қаңтар айында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.