САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: gov.kz
Сенат Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы келісімді мақұлдап, Алматы қаласынан АҚШ-қа консулдық кешен салуға арналған жер телімін ұзақ мерзімге жалға беруге рұқсат етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Келісім бойынша, Америка Құрама Штаттарына көлемі 70 593 шаршы метр (шамамен жеті гектар) жер 49 жыл мерзімге беріледі. Жалға алу құны — 25,3 миллион доллар. Бұл қаражат келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде бір реттік төлем ретінде төленбек.
АҚШ бұл нысанды толықтай өз қаражатына салып, құрылыс, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және коммуналдық төлемдерді өзі өтейді. Сондай-ақ тараптар келісімі бойынша, салық пен кедендік төлемдерден босатылады.
Болашақта бұл консулдықтың жанынан АҚШ-тың Сауда министрлігі, Есірткімен күрес агенттігі мен Коммерциялық қызмет өкілдіктері де ашылады деп күтілуде.
Заң жобасын әзірлеген мамандар жаңа консулдық Орталық Азиядағы ең ірі виза орталығына айналып, Қазақстанға инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру және қызмет көрсету секторының дамуына жол ашатынын айтады. Сонымен қатар, бұл жобаның елдің халықаралық беделін күшейтіп, АҚШ-пен екіжақты байланысты нығайтатыны атап өтілді.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин қазіргі кезде АҚШ консулдығы Алматыда жеке ғимараттарды жалдап отырғанын айтты. Жаңа нысан дайын болған соң, бүкіл консулдық сол жерге көшіріледі.
"Штатты кеңейту туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ инфрақұрылымы толыққанды жаңа кешен болғандықтан, қызметкерлер саны артуы мүмкін. Бұл мәселе АҚШ тарапымен қосымша талқыланады", – деді ол Сенат кулуарында.
Президент келісімді ратификациялаған соң, Алматы әкімдігі мен АҚШ консулдығы арасында қосымша шарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталады. Жобаны америкалық құрылыс компаниясы жүзеге асырады деп жоспарлануда.