САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: kursiv.media, Никита Данилин
Алматыдағы әйгілі Медеу мұз айдынының дәл жанында салынып жатқан "Medeu Park Hotel" элиталық кешенінің құрылысы бастапқыда 2022 жылдың соңына дейін тәмамдалады деп жоспарланған еді. Алайда жобаға иелік еткен белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың тергеуге алынуы бұл жоспарды күрт өзгерткен, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Курсив" басылымы Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасына ресми сауал жолдап, қонақ үй нысанының қазіргі ахуалын анықтаған. Басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір онда ішкі әрлеу жұмыстары мен алаңішілік инженерлік желілерді тарту жалғасуда.
Айта кетейік, 2023 жылдың наурызында Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шыққаннан кейін, сәуір айында "Medeu Park Hotel" компаниясы құрылыс жұмыстарын қайта қолға алған еді.
Басқарма құрылыс мерзімінің не себепті ұзаққа созылғанын түсіндіріп бере алмады. Ал кешеннің ресми сайты жоқ. Дегенмен Instagram желісіндегі парақшасында нысанның ашылуы 2025 жылға жоспарланғаны көрсетілген. Құрылыстың төлқұжатында жұмыс 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады делінген.
Компанияның меншік иесі өзгермеген: "Medeu Park Hotel" ЖШС әлі күнге дейін Қайрат Боранбаев толық иелік ететін екі ұйым — "ААДТ" ЖШС мен "АЛМАЛЫ" активтерді басқару компаниясының басқаруында.
2021 жылдан бері аталған қонақ үй кешені мемлекетке жалпы көлемі 72,8 миллион теңге салық төлеген. Бұл ретте 2024 жылы небәрі 6 550 теңге ғана түскен. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бюджетке 27,7 миллион теңге аударылған.