Саясат

Жастардың қалауы – үйлі болу мен үй болу

Баспана мәселесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желідегі парақшама былай деп жазған едім. «Жастар жылында» жастардың қалайтыны – үйлі болу мен үй болу! Басқасының қажеті шамалы. Конференция, форум, флешмоб, т.с.с. іс-шаралардың құны көк тиын. Қаңғып жүрген қазақ жастарының баспаналы болуына жағдай жасалса дейсің. Сосын жастардың басым бөлігі қаражатының жоқтығынан үйлене алмай жүр. Ең төменгі пайызбен несие алуына мүмкіндік жасалса, өздері-ақ төлей алады.

Бұл пікіріммен жастарды несие алуға үгіттеп, банктерге жарнама жасап жатқан жайым жоқ, алайда мұндай мәселенің бар екенін жоққа шығара алмайсыз әрі алынатын несие алынып-ақ жатыр. Төленетіні төленіп те...

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Әне-міне дегенше мұның төрт айы да өте шықты. Әдепкіде әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер жазылып жатты. «Аты ғана емес, заты да жастарға арналса ғой» деген арман-тілектер айтылды. Шынын айту керек, жастарды қолдау науқандық нәрсе емес. Ал бір жылда адам сенгісіз биікке көтеріп, артынша төменге тастай салу кімге қажет? Жарайды, науқандық шара десек те, есте қаларлықтай етуге болмас па? Осыншалықты «мырзалық» танытуға мемлекет мүдделі емес пе әлде билік бұған бейжай қарай ма?

Жалпы жастар мәселесінде шешілмеген түйін жетерлік. Әлбетте, бәрі бір-біріне байланысты. Ақша керек, сол үшін жұмысқа тұру керек. Ал жұмысқа тұру үшін ақша тағы керек. Бұл жерде әкесінің не шешесінің несиесі көмекке келеді. Біздегі трайбализмнің түрі жаман. Тамыр-таныстықтың да одан қалыс қалғысы жоқ. Демек, жұмыссыздық – жастардың басты мәселесі. Жалақысы жақсы жұмысбасты жастың болашағы жарқын болмақ. «Кедей боп тусаң, сен оған кінәлі емессің. Ал кедей боп өтсең, ол – сенің қателігің!» деген бар. Келісуге болады, «өкімет өлтірмейді» деудің заманы өтіп кетті. Десе де, басшылық халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстап, бақылауы ләзім. Ал жыламаған балаға емшек берілмейтіні айтпаса да түсінікті...