Bugin

"Сұраныс артты". Вице-министр қой етінің неге қымбаттағанын түсіндірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: mezgil.kz

Қой еті бағасының өсуіне не себеп болғанын ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сұлтановтың айтуынша, қазір Қазақстаннан қой еті шетелге көбірек экспортталып жатыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бағаға да әсер еткен.

"Қой етіне сұраныс артып отыр. Түркия мен Тәжікстан біздің өнімді белсенді түрде сатып алуда. Өзбекстан бұрын малды тірідей алса, қазір ет күйінде тасымалдауға көшті. Ал сыртқы нарықтағы сұраныс артқан сайын, ішкі баға да өзгеруі заңдылық. Оның үстіне, Қазақстанда өндірілетін еттің сапасы жоғары екенін бәрі біледі", – деді вице-министр.

Сұлтановтың айтуынша, экспортқа тек тауарлық қойлар шығарылады, ал төлдейтін малды сыртқа тасымалдауға тыйым салынған.

"Бағаның шарықтамауы үшін жергілікті әкімдіктер қажетті шараларды қолға алуы керек. Мысалы, Алматы қаласында қой етіне сұраныс жоғары болғандықтан, біз сол өңірге Түркістан облысындағы ірі шаруашылықпен тікелей байланыс орнатуға көмектестік. Қазір бұл шаруашылық Алматыға тұрақты түрде қой жеткізіп жатыр", – деп толықтырды Сұлтанов.