САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Хабар24
Ақмола облысында болған су тасқыны үшін жауапты болған Сергеев ауылдық округінің әкімі сот шешімімен жазаланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Атбасар аудандық соты ауыл әкімі Қ.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған істі қарады. Тергеу материалдарына сәйкес, әкімнің өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы Самарка ауылында бөгеттің жарылып, су тасқынына әкелген. Салдарынан 19 тұрғын үй мен ауылдың біраз бөлігі су астында қалып, зардап шеккендерге жергілікті бюджет есебінен 8 миллион теңге көлемінде өтемақы төленген.
Әкім гидротехникалық құрылғының жай-күйіне жауапты тұлға бола тұра, тиісті органдардың — Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның — су өткізу арнасын транзиттік режимге ауыстыру туралы нұсқауларын елемеген. Нәтижесінде бөгеттегі судың қысымы артып, арна бұзылып, ауыл аумағына су жайылған.
Сот шешім шығару кезінде айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын және оның бұл әрекетті алғаш рет, абайсызда жасағанын назарға алды. Сот үкімімен ол 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Азаматтық талап қою мәселесі бөлек азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралатын болды.