ҚОҒАМ

Назым Қаһарман экс-жұбайы Бишімбаевтың үстінен сотқа арыз түсірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Коллаж Ulysmedia

Қоғам назарындағы іс бойынша экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман Жоғарғы сотқа жүгініп, оны ата-ана құқығынан айыруды талап етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сот инстанциясы бұл талапқа қатысты нақты шешім шығарған жоқ.

Сонымен қатар биыл сәуірде Бишімбаев алимент төлеуге қатысты келісімді жою туралы бастама көтерген. Оның уәжі — табыс көзі жоқтығы.

"Қарсы тарап алимент төлемін азайтуға немесе мүлде алып тастауға тырысып отыр. “Ақша жоқ” деп отыр. Қазір іс сотта қаралуда. Біз мұнымен келіспейміз", – дейді Назым Қаһарман.

Бұған дейін ол Қуандық Бишімбаев пен оның отбасы алимент төлеу міндеттемелерін орындамағанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, алимент уақытында төленбейді, ал кейбір шығын түрлері мүлде өтелмеген.

"Мәселен, балалардың демалысына, психологқа төлем жасалмады. Денсаулығына байланысты шығындар – дәрігерлер, дәрі-дәрмек, дәрумендер де өз қалтамнан төленді. Бұл туралы адвокат Ғазымжановқа хабарладым, бірақ жауапсыз қалды", – дейді ол.

Назым Қаһарманның айтуынша, 2020 жылы ажырасу кезінде Қуандық Бишімбаев алимент төлеу және балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті мойнына алуға уәде берген. Алайда кейін бұл келісімді үнемі еске салуға тура келген.

"Наурызда бір тиын да түскен жоқ. Тек өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында төлемдер тұрақтала бастаған еді", – деді Назым Қаһарман.