ДЕНСАУЛЫҚ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie
Сара Алпысқызының қайтыс болғаны туралы желіде тараған ақпарат жалған. Бұл туралы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Tengrinews.kz порталы жолдаған сауалға жауап берген мекеме өкілдері:
"Науқастың өліміне қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сара Алпысқызы қазіргі уақытта Ұлттық госпитальде ем алып жатыр", – деп хабарлады.
Сонымен қатар госпиталь өкілдері ҚР «Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 273-бабына сәйкес науқастың диагнозы мен денсаулық жағдайына қатысты ақпарат дәрігерлік құпия екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай желіде тараған қауесеттерге қатысты пікір білдіріп, Сара Назарбаеваның тірі екенін растаған еді.
Айта кетейік, Сара Алпысқызы Назарбаева (қазіргі тегі – Қонақаева) – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, белгілі қоғам қайраткері. Ол 1941 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Жоғары білім алып, инженер-металлург мамандығы бойынша жұмыс істеген.
1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыпты үш қыз тәрбиелеп өсірген: Дариға, Динара және Әлия.
Сара Алпысқызы қоғамдық өмірге белсенді араласқанымен, кейінгі жылдары ел алдына сирек шығатын болды. 1992 жылы ол «Бөбек» халықаралық балалар қайырымдылық қорын құрды. Бұл қор арқылы жетім, мүгедек және әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға қолдау көрсетіліп келеді.
Сонымен қатар оның бастамасымен мектептерде «Өзін-өзі тану» пәні енгізілген еді. Бұл пән кейінірек оқу бағдарламасынан алынып тасталды. Сондай-ақ Сара Назарбаеваның жетекшілігімен Қазақстанда «SOS – балалар ауылдары» жобасы жүзеге асты.
Кейінгі жылдары Сара Алпысқызы қыз кезіндегі тегі – Қонақаеваға қайта оралғаны туралы ақпарат та тараған.